Жоғарғы Соттың Сот алқасы сотталған адамның әрекетін қайта саралады
◾ Жоғарғы Соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасында А.Шигабутдиноваға қатысты қылмыстық іс қаралды.
◾ Сот үкімімен Шигабутдинова сеніп тапсырылған қаражатты жымқыру бойынша айыпты деп танылған (ҚК-нің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы). Оған 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.
◾ Іс материалдарын зерделеу мынаны көрсетті.
◾ Шигабутдинова ЖШС бухгалтері бола тұра, басшылық ұсынған «Банк-Клиент» бағдарламасына рұқсаты бола отырып, ЖШС шотынан екі жеке кәсіпкердің есепшотына банк реквизиттерінде оның және ағасының шотының нөмірін көрсете отырып, 613 миллион теңгеден астам қаражат аударғаны анықталды.
◾ Шигабутдинованың кінәсі жиналған айғақтармен дәлелденді. Сонымен бірге оның әрекеті дұрыс сараланбаған.
◾ “Ұрлық туралы істер бойынша сот практикасы туралы” Жоғарғы Соттың 2003 жылғы 1 шілдедегі N 8 нормативтік қаулысының 18-тармағына сәйкес қолма-қол ақшасыз ақшалай қаражатты, оның ішінде электрондық ақша қаражатын оның иесінің шотынан өзiнiң немесе бөтен адамның шотына аудару жолымен ұрлау ҚК-нің 189-бабы бойынша кінәлі адамның өз лауазымы бойынша жәбірленушінің қолма-қол ақша шотындағы ақшаға билік етуге құқығы болған жағдайда, кінәлі адамға өзінің қызмет бабын пайдалану арқылы жасалған бөтеннің мүлкін ұрлау деп саралануы тиіс.
◾ Мұндай құқық болмаған жағдайда іс-әрекет ҚК-нің 188-бабы бойынша ұрлық немесе ҚК-нің 190-бабы бойынша алаяқтық ретінде саралануға жатады.
◾ Іс материалдарынан Шигабутдинованың қаржылық құжаттарға қол қоюға құқығы болмағаны және ЖШС қаражатын өз атынан басқара алмайтыны шығады.
◾ Ол тек ЖШС директорына берілген ЭСҚ кілті арқылы қаржылық құжаттарға қол қойған және осылайша оның шоттарына ақша аударған, яғни ұрлаған.
◾ Жоғарыда айтылғандардың негізінде, Шигабутдинованың әрекеті Қылмыстық кодекстің 190-бабының 4-бөлігінің 2) тармағымен қайта сараланып, 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
[xfvalue_img]