Құқық бұзушылықтың алдын алу саласындағы болжау

Құқық бұзушылықтың алдын алу саласындағы болжау

Қазіргі жағдайда Қазақстан Республикасының әлеуметтік, экономикалық, саяси және басқа да салаларында жаппай болып жатқан өзгерістер стратегиялық мақсаттарды дұрыс әрі дәл айқындап, басқару саласында оң шешімдер қабылдаудың қажеттілігін талап етеді.

Қазақстан қоғамының дамуын жеделдетудің қазіргі кезде шешіліп жатқан міндеттері ғылыми болжаудың маңыздылығын барынша айқындай түседі, себебі  реформа саясаты бұрынғы жұмысты объективті бағалауды, қол жеткізілген табыстар мен орын алған кемшіліктерді сыни талдауды ғана емес,  сонымен қатар қоғамдық және мемлекеттік құрылымдарды одан әрі дамытудың жаңа тұжырымдамасын әзірлеуді, азаматтардың әлеуметтік өміріндегі жаңа тенденцияларды уақтылы анықтап, дұрыс бағалауды, ағымдағы, орта мерзімді және перспективалық сипаттағы проблемалық жағдайларды дер кезінде анықтай білуді әрі оларды шешуге дайын болуды да талап етеді.

Яғни, әңгіме болашақты айқындайтын осы немесе басқа да процестің немесе қызметтің қаншалықты тиімді болатынын алдын-ала анықтайтын болжам туралы болып отыр. Бұл түсінік кез-келген пән бойынша алдымыздан шығады, өйткені болжау процесі барлық салалар үшін де маңызды, мұның өзі осы тақырыбымыздың өзектілігін айқындай түседі.

Қылмысқа қарсы іс-қимыл саласы да бұл тақырыптан тысқары емес, мұнда криминологиялық болжаудың қажеттілігі қылмыстың жай-күйіне, құрылымы мен динамикасына тікелей әсер ететін әлемдегі заңсыз әрекеттермен күресудің қолданыстағы тәжірибесіне де байланысты.

Криминологиялық болжаудың негізгі мақсаты болашақта қылмыстың дамуын (өзгеруін) сипаттайтын ең ортақ көрсеткіштерді анықтау, заңсыз көріністер дамуының қолайсыз тенденцияларын айқындау және осы тенденцияларды дұрыс бағытта өзгертудің немесе тұрақтандырудың жолдарын іздестіру болып табылады.

Ғылыми әдебиеттерде криминологиялық болжау ұғымы кең мағынада  әлеуметтік-құқықтық құбылыс, қылмыстың жекелеген түрлері, қылмыстардың категориялары мен топтары, қылмыскердің жеке басы, қылмыстың себептері, болашақта қылмыстың алдын алу қызметі, сондай-ақ тұтастай алғанда криминология ғылымының даму перспективалары ретінде  қылмыстың тенденциялары мен заңдылықтарының өзгеруін ғылыми болжау процесі ретінде анықталады. Қысқаша сөзбен айтқанда, криминологиялық болжау болашақ қылмыстың тенденциялары мен заңдылықтарын болжау процесін білдіреді.

Криминологиялық болжау ықтималдығының дәрежесі көбінесе болжау кезінде қолданылатын әртүрлі факторлардың санына байланысты. «Криминологиялық болжау» ұғымын анықтау үшін кейбір ғалымдардың көзқарастарын қарастыру қажет. Мысалы, кейбір авторлар (У.С.Жекебаев, А.Х.Мындағұлов) мынадай анықтама береді: криминологиялық болжам дегеніміз – қылмыстың  болашақ жағдайы (деңгейі, құрылымы, динамикасы), оның детерминанттары мен алдын алу мүмкіндіктері, белгілі бір уақыт кезеңіндегі қылмысқа әсер етудің басқа құралдары туралы ықтималды пайымдау. Басқа ғалымдар (З.О.Әшітов, М.С.Нәрікбаев), болжау ұғымын өткен және қазіргі кездегі тенденциялар мен заңдылықтардың қалыптасуын білуге негізделген даму, өзгеріс және қозғалыс заңдылықтарын білуге негізделген ықтималдық пайымдаулар деп санайды. Сондықтан криминология пәнінің мәні қылмыстың тенденциялары мен заңдылықтарын, қылмыскерлердің жеке басын, қылмыстың детерминанттарын және тағы басқаларды қамтиды. Тек соларға ғана сүйене отырып криминологиялық жағдайды болжауға және жағымсыз салдардың алдын алуға болады.

Болжаудың мәні әр түрлі жағдайларда белгілі бір құбылыстың даму тенденциялары мен заңдылықтарын зерттеу әрі сол заңдылықтарға сүйене отырып болашақтағы жағдайлардың сипаты туралы ақпаратқа ие болу арқылы, біз осылайша болашақта нақты құбылыстың өзгеру сипатын болжай аламыз.

Басқаша сөздермен айтқанда, болжау жалпы мағынасында осы құбылыстардың өзгеруінің алдыңғы критерийлерін ескере отырып, қандай да бір құбылыстың, объектінің болашақтағы өзгеруін білдіреді. Криминологиялық болжау статистикалық, сынақтық әдістерді, математикалық модельдеуді пайдалана отырып, криминологиядағы қылмыс туралы ғылыми түсініктер  негізінде жүзеге асырылады.

Практикалық қызметте пайдалану үшін болжам нәтижелері ғылыми сипатта, тексерілетін қасиетке ие болуы тиіс. Нәтижесі криминологиялық болжам болып табылатын қылмысты болжау алдағы кезде қылмыс жағдайында ықтимал өзгерістерді ұсынуға және осы негізде қажетті алдын алу шараларын әзірлеуге және жүзеге асыруға, криминогендік факторлардың әсерін бейтараптандыруға немесе әлсіретуге, сондай-ақ криминогенге қарсы факторлардың әсерін күшейтуге мүмкіндік береді.

Криминологиялық болжамдар қылмыспен күресудің стратегиясы мен тактикасын әзірлеуге көмектеседі, ғылыми негізделген шешімдер, жоспарлар, қылмыспен күрес бағдарламаларын қабылдауға мүмкіндік береді. Осыған байланысты барлық талдамалық анықтамалар, проблемалық жазбалар мен басқа да қорытынды ақпараттар нақты ұсыныстардың, басқару шешімдерінің, атап айтқанда, бұйрықтардың, нұсқаулардың, нұсқамалардың, алқаның, жедел кеңес шешімдерінің, қарарларының, жұмыс жоспарының жобалары енгізілуі арқылы сүйемелденуі тиіс.

Барлық басқару шешімдерін дайындауға қойылатын негізгі талаптар белгіленген нысанды сақтай отырып, олардың заңдылығын, негізділігін, орындылығын, жеделдігін, тұрақтылығын, болжамды перспективалылығын қамтамасыз ету болып табылады. Шешімдер нақты әрі түсінікті тілде ұсынылуы керек.

Криминологиялық болжамдар қылмыспен күресудің стратегиясы мен тактикасын анықтау үшін жиі қолданылады. Осылайша, қылмыстық саясатты қалыптастыру, қылмысқа қарсы күрестің негізгі бағыттарын әзірлеу ұзақ мерзімді болжамдардың нәтижесі болып табылады. Орта мерзімді болжамдар құқық қорғау органдарының бағдарламаларын, профилактикалық бөлімдерін, жұмыс жоспарларын әзірлеуге негіз болады. Қысқа мерзімге арналған криминологиялық болжамдар әкімшілік учаскелер, аудандар мен қалалар шеңберінде күнделікті профилактикалық қызметті ұйымдастыруға бағытталған. Болжаудың негізгі мақсаты процестің дамуын барынша дәл болжау емес, дамудың айқын емес, бірақ шешуші бағыттарын анықтау арқылы жоспарлаудың ғылыми деңгейін жоғарылату болып табылады. Бұл орайда ең бастысы – дамудың «бұрылыс нүктелерін» анықтау.

Болжаудың гносеологиялық мәні – бір  күйден екінші күйге ауысу кезінде орын алатын өзгеріс нүктелерін анықтау. Егер бәрі қарапайым экстраполяцияға байланысты болса, онда болжауда ешқандай қиындық болмас еді. Барлық қиындық – адам  санасына болашақты жаңа (мүмкін тікелей қарама-қарсы) тенденциялардың пайда болуы ретінде емес, қазіргі заңдылықтардың жалғасы ретінде елестету әлдеқайда оңай.

Криминологиялық болжаудың мақсаттары:

- қылмыстың келешекте дамуын (өзгеруін) сипаттайтын неғұрлым ортақ көрсеткіштерді анықтау, соның негізінде жағымсыз тенденциялар мен  заңдылықтарды айқындау және сол үрдістер мен заңдылықтарды дұрыс бағытта өзгертудің тәсілдерін табу;

- қылмысқа қарсы күрестің жалпы тұжырымдамасын әзірлеу;

- қылмысқа қарсы күрес жүргізетін органдардың қызметін жетілдірудің оңтайлы жолын таңдау;

- болашақта қылмыстың жай-күйінде, деңгейінде, құрылымында және динамикасында мүмкін болатын өзгерістерді анықтау;

- қылмыстардың жаңа түрлерінің пайда болуы мен қазір бар қылмыстарды «жоюдың» мүмкіндіктерін, сондай-ақ оған әсер ететін себептер мен жағдаяттарды анықтау.

Криминологиялық болжаудың бастапқы принциптеріне мыналар жатады:

- криминологиялық болжау әлеуметтік болжаудың бір бөлігі болып табылады;

- қылмыстың жаппай құбылыс ретінде дамуының болжамдарын әзірлеу түрлі ғылыми пәндердің деректері мен әдістемесінен туындайды;

- қылмысты болжау қылмыс пен басқа да әлеуметтік құбылыстар мен процестер арасына байланыс орната отырып, әлеуметтік тұрғыдан кең қарастырылатын қылмыстың бұрынғы және қазіргі динамикасын жүйелі зерттеуге негізделуі тиіс;

- объективті дұрыс болжамдар жасау үшін қоғамның жалпы заңдылықтары мен даму тенденцияларын түсіну негізінде қылмыстың негізгі тенденцияларын білу өте маңызды;

- қылмыс қоғамдық қатынастардың өзіндік ерекшелігі бар көрінісі болғандықтан, қылмыстың дамуының болжамдары бүкіл қоғамның да күтілетін дамуын көрсетеді;

- қылмыстың жаппай құбылыс ретіндегі болжамдары жеке болжамдардың қосындысы бола алмайды, ол барлық адамдардың жүріс-тұрысы мен  іс-әрекетін болжаудан туындайды;

- қоғамдық дамудың нақты процесі әртүрлі мүмкіндіктердің жиынтығы болып табылады, сондықтан криминологиялық болжамдарды балама ретінде тұжырымдау керек;

- криминологиялық болжамдардың объективті дұрыстығына қылмыс динамикасы мен құрылымындағы өзгерістердің негізгі тенденциялары дұрыс көрсетілген жағдайда қол жеткізіледі.

Криминологиялық болжау бір жағынан қылмысты шектеу процесін қиындатып, оның өсіміне әкелуі мүмкін нақты әрекет ететін күштерді ескеруі тиіс, екінші жағынан, оның біршама қысқаруына және жағдайы мен құрылымының өзгеруіне әкелуі керек. Криминогендік және антикриминогендік қылмыстың динамикасы мен құрылымына әсер ететін барлық факторларды (әлеуметтік - психологиялық, демографиялық, ұйымдастырушылық және т.б.) қамтитын жүйені құру өте қиын міндет, өйткені олардың барлығы өзара байланысты әрі бір мезгілде әрекет етеді, бір жағдайда бір-бірін жоққа шығарады, екіншісінде  бір-бірін бейтараптандырады.

Қылмысты болжаудың рөлі мынадай:

- заңнамалық және құқық қолдану практикасының стратегиясын анықтауға көмектеседі;

- ол құбылыстардың жалпы және аймақтық тенденцияларын ескере отырып, жүргізілетін күрестің басымдықтарын бөліп көрсетуге мүмкіндік береді;

- күштермен және құралдармен тиісті маневр жасауға, жалпы әлеуметтік және арнайы, алдын алу және әрекет ету шараларының, қылмысқа қарсы іс-қимыл міндеттерінің, өкілеттіктері мен ресурстарының теңгерімін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Басқаша  сөздермен айтқанда, болжам негізделген және байланысты жоспарлы құжаттар жүйесін, мақсатты және кешенді бағдарламаларды әзірлеу үшін негіз болып табылады, қылмысқа қарсы күрес саласында оңтайлы шешімдер қабылдау үшін, сондай-ақ қылмысқа қарсы күрес саласында жаңа заңдарды әзірлеу және қабылдау үшін алғышарт болып табылады.

Сонымен бірге, бұл процеске кедергі келтіретін бірқатар факторлар бар, атап айтқанда олар: заң шығару процесін идеологияландыру, топтық (ведомстволық) мүдделер, қарама-қайшылық, төзбеушілік, экстремизм, түсінбеушілік, біліксіздік, стереотиптер, тәуекелге баруға қабілетсіздік, асығыстық, жауапсыздық, үстірт ойлау, заң шығарушылыққа технократтық қатынас.

Криминологиялық болжаудың рөлін бағалай отырып, болжам жасаудағы объективті қиындықтарды да ескеру қажет. Өздеріңіз білетіндей, қылмыс оның себептері ретінде әрекет ететін әлеуметтік өзгерістерге байланысты, сондықтан қылмысты болжауды оның жағдайы мен сипатын анықтайтын әлеуметтік процестер мен құбылыстардың болжамдарынан кейін жүруге мәжбүр етеді.

Бұл тәуелділік қылмыстың себептері мен оның нақты өзгерістері кезінде «ажыраушылық» арқылы күшейеді. Криминологиялық болжаудың объективті қиындықтары былайша анықталады:

- қылмыстың ішкі және сыртқы байланыстарының ерекше күрделілігі;

- қылмыстың экономикалық, әлеуметтік, идеологиялық, психо-логиялық, ұйымдастырушылық сипаттағы әртүрлі факторлардың әсеріне ұшырауы, бұл оларды өлшеу мен бағалауды қиындатады;

- соның ішінде қылмыстың оның себептері мен жағдайларына кері әсер етуінің нәтижесінде қылмысқа әсер ететін факторлардың үнемі өзгеріп отыруы.

Дәл осы жағдайлар криминологиялық болжау мүмкіндіктері туралы үстірт түсінікке жол беруге болмайтындығын көрсетеді, сондықтан қазіргі кезде мемлекеттік саясат құқық қорғау органдарынан талдауды меңгеруді және болжамдардың көмегімен нақты қалыптасқан жағдайды сипаттайтын талдамалық деректерге ие болуды талап етеді.

Құқық қорғау практикасына болжауды енгізу әлеуметтік басқару әдіснамасының шешуші талаптарын,мысалы, жеке мәселелерге қарағанда жалпы мәселелерді шешудің басымдығын және қоғамдағы жағдайды тарихи тұрғыдан бағалаудың қажеттілігін,яғни өткеннің, бүгіннің және болашақтың өзара байланысын жүзеге асырады.

Болжау құқықтағы, экономикадағы, әлеуметтік, саяси және басқа салалардағы себеп-салдарлық байланыстардың барлық кешенін ескере отырып, әлеуметтік дамуды толық және қарама-қайшылықта көруге көмектеседі. Бұл қылмысқа қарсы жоспарлы күрестің маңызды кезеңі, өйткені тек болжам негізінде қылмысқа әсер ету туралы алдын-ала шешім қабылдауға, сондай-ақ қылмысқа қарсы алдын-алу және басқа да шараларды жүзеге асыратын органдардың жүйесін дамыту мәселелерін шешуге болады.

Қылмысты болжамдау Қазақстан қоғамы ұйымының кез келген деңгейінде қылмыстың алдын алуды кешенді жоспарлау үшін қажетті ғылыми база болып табылады.

Криминогендік болжау мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың ұйымдастыру қызметі деңгейінің ғылыми негізделген стратегиясы мен іс-шараларын арттырудың оңтайлы нұсқасын айқындап қана қоймай, қылмыспен күрестің тактикасы мен  әдістемесін әзірлеуге де көмектеседі. Сондықтан бұл тақырыпты зерттеу қылмыстың дамуын зерттеу, болжау, оны бейтараптандыру және алдын алу шараларын жоспарлау үшін үлкен маңызға ие. Осы орайда криминологиялық болжамдарды жүргізу әдістемесін және олардың түрлерін түсіндіру бойынша практикалық басылым – оқу-әдістемелік құрал әзірлеудің қажеттілігі туындайды. Ұсынылып отырған құрал ең алдымен құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне ғылыми негізделген болжамдарды дер кезінде жүргізуде және оларды құқық қорғау қызметінде қолдануда елеулі көмек болар ма еді деп пайымдаймыз.

Қорыта келе айтар болсақ, қазіргі заманғы криминология қылмысты болжаудың тек мүмкін ғана емес, сонымен қатар қажет те  екендігінен туындайды. Қылмысты болжау шын мәнінде тек мемлекеттік органдар ғана емес, сонымен бірге қоғамдық ұйымдар да жүзеге асыратын қылмысқа қарсы күресті ұйымдастырудың негізі болып табылады.

Ещанов Алмаз Шүкірұлы

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының профессоры,заң ғылымдарының докторы, профессор, аға әділет кеңесшісі, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері

 

[xfvalue_img]

Жаңалықтарды бағалаңыз

  • Сіздің бағалауыңыз
Итоги:
Дауыс берген адамдар: 0

Пікір қалдыру

Ваш e-mail не будет опубликован. Поля обязательны для заполненеия - *

  • bowtiesmilelaughingblushsmileyrelaxedsmirk
    heart_eyeskissing_heartkissing_closed_eyesflushedrelievedsatisfiedgrin
    winkstuck_out_tongue_winking_eyestuck_out_tongue_closed_eyesgrinningkissingstuck_out_tonguesleeping
    worriedfrowninganguishedopen_mouthgrimacingconfusedhushed
    expressionlessunamusedsweat_smilesweatdisappointed_relievedwearypensive
    disappointedconfoundedfearfulcold_sweatperseverecrysob
    joyastonishedscreamtired_faceangryragetriumph
    sleepyyummasksunglassesdizzy_faceimpsmiling_imp
    neutral_faceno_mouthinnocent
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Main news

Логотип

About the Portal

News from the country and the world!

© 2024 INFOZAKON. All rights reserved.